AddThis

АО «Международный центр приграничного сотрудничества «Хоргос»

«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығы» АҚ-сы
Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметінің арасындағы Келісімді жүзеге асыру аясында Алматы облысының Панфилов ауданындағы қазақстан-қытай шекарасында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығын құру мақсатында өмірге келген мемлекеттік компания болып табылады.

Қазақстан. Қамданатын кез келді

Қазақстан. Қамданатын кез келді

Шығыстағы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы» Қазақстанды да, Қытайды да, Кеден одағының елдерін де жарылқайын деп тұр...
Дамыған елдер дегенде, ең алдымен ауызға Германия, Франция, Англия, Италия секілді еуропалық мемлекеттер ілігеді. Ал Орталық Азиядағы елдер дегенде, көз алдымызға артта қалған Ауғанстан, кедей Қырғызстан мен Өзбекстан елестеуі мүмкін. Бірақ Өзбекстанды «кедей» деуге келмес, әрине. Қазақстан да кедей елдер қатарына жатпайды.


Мемлекеттің мүддесі айқын

Қазіргі жаңа әлемде кез кел­ген мемлекеттің байлығы оның адамдық немесе табиғи ресурстарына ғана байланысты емес, көп жағдайда географиялық орналасуына, өзінің көліктік-экспорттық әлеуетін жүзеге асыра алу қабілетіне де бай­ланысты. Бұл тұрғыда, Қазақ­стан дипломатиясының жақын көршілерімен достық, бейбіт қарым-қатынас орнатуға ба­ғыт­талған сындарлы саясатының өз жемісін беріп отырғаны - елдің сөзсіз жетістіктерінің бірі. Өткен 2010 жылдың қорытындысы бо­йынша, Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі 7,5 пайызға өсті. Республикада 140 жаңа кәсіпорын іске қосылды, экономикаға құ­йылған жалпы капиталдың сомасы бұрын естіп-білмеген 200 миллиард долларға жетіпті.
Шүкір, соның арқасында - демографиялық жағдайымыз да түзеліп келеді. Соңғы 10 жыл­дың ішінде елдегі бала туу көр­сеткіші бір жарым есеге артты. Жал­пы аумағы 30 миллионнан астам шаршы метрге сай келетін баспана тұрғызылып, 330 мың қазақстандық отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді. Республикамыздың экономикасына құйылған ин­вестиция көлемі де жылдан жыл­­ға артып келеді. Тіпті «DEIK» іскерлік қауымдастығы­на кіретін тек қана түркиялық бизнесмендердің өзі Кеден одағы толыққанды іске қосылып, 170 миллион адамды қам­титын ортақ нарықтың пайда болуына байланысты Қазақстан экономикасына 200 миллиард доллар инвестиция салуға дайын екенін жеткізуде.


Бәрі халықтың игілігі үшін

Ал Қазақстанның өз эконо­микасын ары қарай алға жетелей түсуіне жол ашатын әлеуеті әлі де мол. Бұл тұрғыда, «Батыс Қы­тай - Батыс Еуропа» көлік дәлізі мен Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» ха­лықаралық шекара маңы ын­тымақтастығы орталығының» құрылысының маңызы зор. Соң­ғысы Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың бастамасымен құрылған, Қытаймен арадағы шекарада жұмыс істейтін ар­найы сауда-экономикалық ау­мақ. Индустрия және жаңа тех­нологиялар вице-министрі Берік Қамалиев журналистерге берген өз сұхбатында түсіндіріп өткендей, Қазақстан мен Қы­тай шекарасындағы бірегей ха­лықаралық сауда-саттық ор­та­лығының жалпы аумағы 528 гектар. Оның ішінде Қытай жа­ғы­нан 343 гектар, Қазақстан жағынан 185 гектар аумақта құ­рылыс жүргізілуде. «Қазірге дейін құрылыстың бірінші ке­зегі, оның ішінде қажетті инфра­құрылымдық нысандардың құ­рылысы толық аяқталды. Бұл - жоба бойынша барлық жұмыс­тың 70 пайызы. Оның ішіне автокө­лік жолдарының құрылысы, жылу және канализациялық құ­бырларды салу сияқты жұ­мыстар кіреді. 2011 жылдың 1 шілдесінде аумағы 11,5 мың шаршы метрлік «Бақылау-өт­кізу пункті-1» іске қосылады деп күтілуде. Осылайша, «Ха­лық­аралық шекара маңы ын­тымақтастығы орталығы» ин­фрақұрылымы құрылысының ал­ғашқы кезегі аяқталады» деді Бе­рік Қамалиев.
Берік Сайлауұлы жеткізген тағы бір жаңалық - «Қорғас» ха­лықаралық шекара маңы ын­тымақтастығы орталығының» бастапқы жобасына айтарлық­тай өзгертулер енгізілген. Оның ең бастысы - Орталықтың жаңа тұжырымы құрылды. Бастапқы жобада халықаралық сауда-ту­ристік орталық құруға, оның ішін­де Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына кіретін елдердің эт­но­графиялық парктерін, спорттық және ойын-сауық нысандарын, халықаралық ынтымақтастық орталығын дамытуға басымдық берілсе, енді ең алдымен бар жұ­мыс сауда-саттыққа негізделеді. Бұл орталық - аса ірі құрлықтық порт болмақ. Қазақстан, Ресей және Белорус азаматтары мен кә­сіпкерлері 2011 жылдың 1 шіл­­десінен бастап, «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының» аумағында 30 күн бойы еш ви­за­сыз жүре алады. Қытайдың бү­кіл тауары мен экспорттық өнімдері де осы жерге жеткізіледі. Заманауи павильондар мен қоймалардың салынып қойғаны да бар, салынып жатқаны да бар. Нәтижесінде, Кеден одағының кәсіпкерлері Қытайға бару, виза рәсімдеу сияқты көп қиындықтан құтылайын деп тұр. Жерлестерімізді айтпағанда, Ре­сей мен белоруссиялық азамат­тар енді өзіне қажетті тауардың барлығын Қазақстан мен Қытай шекарасынан сатып алады. Тасымал шығыны азайған соң, қытайлық тауарлардың онсыз да арзан құны одан сайын арзандай түседі. Айтпақшы, «Қорғасқа» те­міржол торабы да тартылуда. Тіпті орталық аумағына келетін қонақтарға арналған қонақүйлер де көптеп салынуда. Болашақта мұнда келетін кәсіпкерлер, сау­дагерлер мен туристердің саны шексіз болатынына күмән жоқ. Әрине, бұл да отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін оңтайлы мүмкіндік.
Өткен жылдың қазан айын­да Астанада Қытай Халық Рес­публикасы Шыңжан-Ұйғыр ау­данының халықтық-саяси кон­сультативтік кеңесінің төрағасы Асхат Керімбаев бастаған қы­тайлық уәкілтоп ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-ми­нистрі Альберт Рау жетек­шілік еткен қазақстандық та­раппен арнайы кеңес өткізді. «халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының» ашылу мерзімі де осы кеңес ба­ры­сында 2011 жылдың жазына белгіленген. Қазақстан да, Қытай да жекеменшік бизнесті дамытуға үлкен мән береді. Ал «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы Орталығының» тұжырымы әу бастан-ақ мем­лекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде құрылу үшін жасалған. Жоба бойынша, мемлекеттік инвестиция есебінен келетін әрбір 1 теңгеге шаққанда, жекеменшік есебінен 4 теңге тарту көзделген.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі де - барша халқымыздың мүддесіне мүлдем қатыссыз емес. Қытай мен Кеден одағы елдері арасындағы тауар айналымы артады, нәтижесінде салық ба­засы кеңейіп, бюджеттің түсімі молаяды. Елдегі зейнетақы мен бюджеттік қызметкерлердің жа­лақысы көтеріледі. Елде ақша мол болса, шағын және орта кәсіпкерліктің жаңа де­мі ашылады. Құдай қаласа, «Ба­тыс Қытай - Батыс Еуропа» ав­томагистралі салынады.
Айтпақшы, «Қорғас» ха­лы­қ­аралық шекара маңы ын­тымақтастығы орталығының» игілігін миллиондаған қазақ­стандық көре алады. Жоба бо­йынша, еліміздің қарапайым аза­маттары үшін айтарлықтай же­ңілдіктер көзделеді. Орталық аумағында құны 1500 евродан аспайтын, әрі салмағы 50 келі­ден аспайтын тұтынушылық та­уар сатып алған барлық жеке тұл­ғалар кедендік төлемдерден бо­сатылады.

Айдын ОЛЖАЕВ